«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.»
(«Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк.»)
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi

Данила Могилевцев: «Біздің басты міндетіміз – жергілікті өңдеудің дамуына үлес қосу»

20 Тамыз
2024
Данила Могилевцев: «Біздің басты міндетіміз – жергілікті өңдеудің дамуына үлес қосу»
KPI компаниясы Қазақстан нарығындағы үлесін кеңейтіп келеді. Бүгінгі жетістіктер мен алдағы жоспарлар туралы KPI компаниясының маркетинг және сату жөніндегі директоры Данила Могилевцев айтып береді.

-Данила, биылғы жылдың алғашқы жеті айында KPI өз позициясын нарықта айтарлықтай нығайтты. Бұл туралы не айтасыз?

– Иә, біз шынында да биыл елеулі жетістіктерге жеттік. Қазақстан полипропилен нарығындағы KPI үлесі 15%-дан 52%-ға дейін өсті, ал импорт үлесі 59%-дан 20%-ға дейін қысқарды. Бұл ішкі нарықты дамытуға бағытталған күш-жігеріміздің жемісін беріп жатқанының дәлелі. Былтыр біз үшін стартаптық жыл болса, биыл өндіріс көлемін екі есе арттырдық.

– Қазіргі уақытта компания қандай өнім түрлерін игерді?

–Қазіргі уақытта біз полипропиленнің 8 маркасын игердік. Олардың бесеуі бұрын Қазақстанда өндірілмеген. Бұл маркалар құрылыс, тоқыма және медицина сияқты салаларда белсенді қолданылады. Біз ішкі ғана емес, халықаралық нарықтың да қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін өнім ассортиментін кеңейту бағытындағы жұмысымызды жалғастырудамыз.

– Экспорт сіздің компанияңыз үшін маңызды бағыт болып қала береді. Бұл бағытта қандай жоспарларыңыз бар?

–KPI-дың өндірістік көлемі ішкі нарықтың қажеттілігінен асып түсетінін ескерсек, біз үшін экспорттың маңызды екені жасырын емес. Қазір өнімімізді Еуропаға, Қытайға, Ресейге және Түркияға экспорттап жатырмыз. Дегенмен біздің негізгі назарымыз жергілікті өңдеуді дамытуға бағытталған. Бұл үшін біз серіктестерімізбен тығыз ынтымақтаса отырып, оларға техникалық қолдау көрсетіп, полимерлерді өңдеу режимдерін баптауда көмек көрсетеміз.

– Алматыдағы қойманың ашылуы логистиканы дамытудағы маңызды қадамдардың бірі болды. Бұл клиенттеріңізге қандай артықшылықтар береді?

– Иә, дұрыс айтасыз Алматыдағы қойманың  ашылуы біз үшін маңызды қадам болды. Ол еліміздің оңтүстігіндегі клиенттерге өнім жеткізу мерзімін 10-14 күннен 1-2 күнге дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл біздің клиенттерді уақытылы әрі сапалы өніммен қамтамасыз ету мүмкіндіктерімізді едәуір жақсартты.

– Компанияның Қазақстан нарығындағы позициясын нығайту үшін тағы қандай бастамалар іске асырылуда?


– Біз жергілікті қайта өңдеушілерді қолдауға бағытталған «Форсаж» бағдарламасын іске қостық. Бағдарлама төрт бағытты қамтиды: экспорттық форсаж, инвестициялық форсаж, импортты алмастыратын форсаж және салалық форсаж. Бұл біздің серіктестерімізге KPI өнімдерін арнайы шарттармен сатып алып, импортты алмастыруда да, дайын өнімді алыс шетелдерге экспорттауда да бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді. Біз қазірдің өзінде гофрленген картон өндіретін «KazStoneBox» ЖШС және сүт өнімдеріне арналған полипропилен стақандарын шығаратын «EGP» ЖШС сынды компаниялармен келісімге қол қойдық. Біз басқа да қайта өңдеушілермен келіссөздер жүргізуді жалғастырып жатырмыз. Оларды ішкі және сыртқы нарықтарда әрдайым қолдауға дайынбыз.

– Сұхбатыңызға рахмет! Сізге және командаңызға сәттілік тілейміз!