КРІ, SGS және Атырау мұнай-газ университеті “Химиялық инженерия” мамандығында күндізгі бөлімде оқитын магистранттар мен докторанттарға полипропилен негізіндегі жаңа полимерлі композицияларды әзірлеу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын өткізу бойынша ғылыми тағылымдамадан өтуді ұйымдастыруға байланысты келісімге қол қойды.
Оның аясында университеттің академиялық күнтізбесіне сәйкес және KPI мүмкіндіктерін ескере отырып, мамандардың практикалық дайындығын арттыру және осы салада инновациялық технологияларды қолдану бойынша тығыз ынтымақтастық тәжірибе алмасу жүзеге асады.
-Студенттерімізге заманауи SGS зертханасында ғылыми зерттеулерде бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін ынтымақтастыққа қол қойғанымызға ризамыз. Бұл біз үшін құнды. Студенттеріміз оқуын аяқтаған соң KPI секілді ірі кәсіпорынға жұмысқа орналасып, Жаңа Қазақстанның дамуына өлшеусіз үлес қосатынына сенімдімін», - дейді басқарма төрағасы, С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің ректоры Гүлзада Шакуликова.
SGS — жеткізілетін шикізаттың, энергия ресурстарының, дайын өнімнің сапасын бақылау мақсатында зауытта жұмыс істейтін сынақ зертханасы. Ол сараптама, сынақ және сертификаттау саласындағы көшбасшы швейцариялық компания. Жұмыстардың сапалы жүруін қамтамасыз ету мақсатында зертханада 143 талдамалық жабдық орнатылған. Онда жылына 260 000-нан астам талдау жасалады.