Бұл газ-химия кешеннің жоспарлы жөндеуден кейінгі өнім мөлшері. Қыркүйекте қалыпты технологиялық режимге көшкен зауыт 25 күн ішінде 35 мың тонна полипропилен өндірген. Алынған шикізатты елімізге және шетелге, атап айтар болсақ, Еуропа, Қытай, Ресей мен Түркияға экспорттауда. Кешенде төрт бірдей эстакаданың жұмыс жасауының нәтижесінде күніне мың жарым тонна өнім алуға мүмкіндік туып отыр.
Азамат Мұздақов, Дайын Дайын өнімді сақтау және өлшеп орау өндірісі басшысының орынбасары:
-КРІ кешенінде негізінен төрт эстакада бар. Төртіншісін қосуға қажеттілік болмағандықтан, қыркүйекке дейін олардың үшеуі ғана жұмыс жасайтын. Бүгінде зауытта төрт линейкада жұмыс жасап тұр.
КРІ кешенінде екі айдан астам уақыт іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілген болатын. Жоспарлы жөндеу барлық объектінің одан әрі кепілдік сынақтарына дайындығын қамтамасыз ету және өнімділік пен сапаны жобалық параметрлерге жеткізу үшін қажет болған еді.
Данабек Қайрошев, Өндірісті басқару қызметінің жетекші инженері:
-Көпшілік жаңа қосылған зауыт не үшін жөндеуге тоқтағанын түсінбей жатады. Біз бұл жағдайда жаңа көлікті мысалға аламыз. Себебі жаңа көлік алған кезде адамдар алғашқы 8-10 мың шақырымнан кейін
май ауыстыру, көлік бөліктерін қарату мақсатында тексерістен өтіп, қандай да ақау табылса жөндеуге тұрады. Жаңа іске қосылған зауыт үшін де жұмыс жасаған бірнеше айдан соң тексеріс жүргізу маңызды. Себебі кей ақауды кешен жұмыс істеп тұрған кезде жоюға болса, кей жабдықтарды кешенді тоқтатып ғана жөнеуге болады. Сол себепті де кешен іске қосылған кезден бастап, жоспарлы жөндеу жүргізу жоспарланған еді. Айта кету керек, жаңа іске қосылған кешенге жоспарлы жөндеу жүргізу тек бізде емес, әлемдік зауыттарда қолданылатын практика.
Еліміздегі полипропилен өндіретін алғашқы кешеннің ресми іске қосылғанына қарашада бір жыл толады. Компания 631 адамды жұмыспен қамтып отыр. Одан бөлек, мердігер компанияларда 1000-ға жуық адам қызмет етеді.