«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.»
(«Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк.»)
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi

“Жамал-ай” ЖШС басшысы Забира Хасанова: Бізге ұлттық компаниялардың қолдауы ауадай қажет

20 Қыркүйек
2023
“Жамал-ай” ЖШС басшысы Забира Хасанова: Бізге ұлттық компаниялардың қолдауы ауадай қажет
2020 және 2023 жылы КРІ компаниясының қызметкерлеріне арнайы аяқ киімді  “Жамал-ай” фабрикасы тікті. Компания 1993 жылдан бері сапасы мен сәні шетелдік етіктерден кем түспейтін, таза былғарыдан дайындалатын аяқ киімдерді тұтынушыларға ұсынып келеді. Ақтауда орналасқан өндіріс ұжымында 167 адам қызмет етсе, оның басым көпшілігі — қыз келіншектер. Олар осы фабрика арқылы нәпақаларын тауып, отбасын асырап отыр. Әйелдердің көбін басшылық тігіншіліке өзі оқытқан. Фабрика басшысы Забира Хасанова жұмыстың оңай еместігін, сондықтан бұл жерге өз ісін жақсы көретін, жігерлі жандар келетінін айтады.

-Біз 1994 жылдан итальялық мамандармен бірлесіп, құрылыс және мұнай саласының қызметкерлеріне арналған бәтеңкелерді тігуді қолға алдық. Етіктердің сапасын жылдан жылға жақсартып, жоғары деңгейге жеткіздік. Мұнымен тоқтап қалмас үшін серіктестердің сын-пікірі біз үшін маңызды. Оларға құлақ асамыз. Көпшілігі басында жұмысты оңай көріп, қызығып келеді. Аз уақыттан соң цехта сағаттан тікеңнен тік тұрып, еңбек ету оңай еместігін көріп, шыдамай кетіп қалып жатады. Жұмысшылар қатарында мүгедектігі бар 10 адам жұмыс істейді. Компания ретінде оларға қолымыздан келгенше көмек көрсетеміз,-дейді Жамал-ай» ЖШС директоры Забира Хасанова.

“Жамал-ай” фабрикасы тігіліп, табаны құйылған тауарды тексеруден өткізген соң ғана тұтынушыға жол жолдайды. Әр аяқ киімде шебер қолының ізі мен маңдай тері бар.

— Осы компанияның құлдыраған шағы мен өсу кезеңін бірге көріп келемін. Басында қарапайым жұмысшы едім. Қазір өндіріс басшысымын. “Жамал-ай”-ға келіп, үй алдым, балаларымды оқыттым, өсіп-өндім. Басшылық тек маған емес, қанша әйел адамның тұлға болып қалыптасуына үлес қосып келе жатыр — дейді Джелабаева Акшагүл.

Компания өндіріске қажетті шикізатты шетелден алғандықтан, өнімдерді экспортқа шығаруға әзір мүмкіндік болмай отырған көрінеді.

—Мемлекет басшысы Қазақстанда жасалған тауар сапалы, ыңғайлы әрі арзан болуы керек деп біздің алдымызға нақты міндет жүктеді. Сондықтан, осы талапқа сай өнім өндіруді қолға алдық. Бірақ аяқ киім тігетін былғарыны шетелден сатып аламыз. Егер ол өзімізде өндірілсе, керемет жаңалық болар еді. Сондай-ақ, Президентіміз мұнай-газ бағытындағы компанияларға отандық өндірушілерді қолдауды тапсырды. Бұл біз үшін үлкен көмек. Осының арқасында материалдық техникалық  базамызды жетілдіруге мүмкіндік алдық. Алға дамып, өсе беру үшін бізге ұлттық компаниялардың қолдауы ауадай қажет,-дейді  Забира Хасанова.