Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Атырауға жұмыс сапары барысында «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.»зауытында болып, кәсіпорынның өндірістік нәтижелері мен алдағы даму жоспарларын талқылады.
Сапар барысында Премьер-Министрдің бірінші орынбасарына кәсіпорынның өндірістік көрсеткіштері, технологиялық сенімділікті арттыру бағытындағы жұмыстары, жаңа өнім түрлерін шығару жоспары және саланы одан әрі дамыту перспективалары таныстырылды.
KPI зауыты Қазақстандағы өңдеуші өнеркәсіптің жаңа буынын қалыптастырып отырған ірі индустриялық алаңға айналды. Кәсіпорын іске қосылғаннан бері өндіріс көлемін тұрақты түрде арттырып келеді. 2022 жылы 32 мың тонна полипропилен өндірілсе, 2023 жылы бұл көрсеткіш 181,1 мың тоннаға, 2024 жылы 248,7 мың тоннаға жетті. Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 375 мың тоннаны құрап, 2026 жылы 450 мың тонна деңгейіне жету жоспарланып отыр.
Нұрлыбек Нәлібаев өндірістік кешеннің жұмысымен танысып, технологиялық процестердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған шараларға оң бағасын берді. Кәсіпорында жабдықтардың сенімділігін арттыру, жоспардан тыс тоқтап қалуларды азайту және өндірістік тиімділікті көтеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Кездесу барысында кәсіпорынның өнім қоржынына ерекше назар аударылды. Бүгінде KPI полипропиленнің 15 маркасын игерген. Бұл өнімдер қаптама өндірісі, рафия, талшықтар, құю өндірісі, термоформалау, BOPP-пленка және тоқыма емес материалдар өндірісінде кеңінен қолданылады.
Сонымен қатар кәсіпорын Еуропа нарықтарының сұранысын ескере отырып, экспорттық әлеуетті арттыру мақсатында тағы 3 жаңа марканы өндіріске енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа өнімдер жоғары жылдамдықтағы рафия, мультифиламентті жіптер және тб өнімдерін шығаруға арналған.
Сапар қорытындысында өндірісті одан әрі дамыту, полипропилен маркасының түрлерін кеңейту, экспорт географиясын ұлғайту және отандық мұнай-газ химиясы кластерін қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды жалғастыру мәселелері талқыланды.