«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.»
(«Казахстан Петрокемикал Индастриз Инк.»)
Жауапкершiлiгi шектеулi серiктестiгi

KPI-да тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтті

6 Қараша
2026
На KPI прошли тактико-специальные учения
«Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағында орналасқан KPI кешенінде тактикалық-арнайы оқу-жаттығу өтті. Оның барысында пропан тиелген теміржол цистернасында шартты түрде өрт шыққан жағдайда аварияны жою және адамдарды қауіпсіз жерге көшіру іс-қимылдары пысықталды.

Оқу-жаттығуға теміржол логистикасы және жылжымалы құрамға қызмет көрсету бөлімшелері, өрт сөндіру, құтқару, медициналық және күзет қызметтері, Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері қатысты. Барлығы 10 техника бірлігі мен 45 қызметкер жұмылдырылды.

Сценарийге сәйкес, қауіпті аймақтан 47 адам эвакуацияланды. Қатысушылар теміржол құрамын қауіпсіз қашықтыққа шығару, шартты түрде зардап шеккен адамды іздеу және құтқару, оған медициналық көмек көрсету және тасымалдауға дайындау жұмыстарын орындады.

Қауіпті аймақ қоршалып, арнайы техниканың кедергісіз өтуі қамтамасыз етілді. Оқиға орнында барлау жүргізіліп, цистерналарды салқындату үшін төрт өрт оқпаны арқылы су берілді.

Оқу-жаттығу қорытындысында барлық міндеттер орындалды. Қатысушылар төтенше жағдай кезінде жедел әрі үйлесімді әрекет етуге дайындықтарын көрсетті.