«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) кешенінің құрылуы мен алғашқы өндірістік жетістіктерінен сыр шертетін жәдігерлер Атырау облыстық тарихи-өлкетану музейіне қойылды. Газ-химия кешенінің іске қосылғанына төрт жыл толуына орай кәсіпорынның қалыптасуы мен даму жолына арналған экспозициялық бұрыш салтанатты түрде ашылды.
Ашылу рәсімінде лента қиылып, қонақтар кәсіпорын тарихындағы маңызды кезеңдерді бейнелейтін экспозициямен танысты. Мұнда кешеннің алғашқы өнім үлгілері, өндірістік жетістіктері мен ұжымның еңбегін көрсететін материалдар жинақталған.
«Музейге қойылған әрбір жәдігердің өзіндік орны бар. Алғашқы шикізат жеткізілген сәттен бастап, тұңғыш өнім алынғанға дейінгі жолда мамандарымыздың білімі, тәжірибесі мен табанды еңбегі жатыр. Осы тарихты сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – маңызды міндет»,- деді KPI ЖШС бас директоры Жанайдар Жандельдинов.
Жәдігерлердің арасында 2022 жылы шығарылған алғашқы пропилен партиясының үлгісі, алғашқы партиядағы 030 GP маркалы полипропилен және кәсіпорынға пропан жеткізген алғашқы цистернаның пломбасы бар. Бұл бұйымдар кешенге алғашқы шикізат жеткізіліп, өндіріс іске қосылған және тұңғыш өнім алынған кезеңдердің куәсі ретінде құнды.
Экспозицияға вагон-цистерна мен зауыттың өнім сақтау қоймасының макеттері, KPI өндіретін полипропилен үлгілері қойылған. Фотосуреттер мен архивтік құжаттар, естелік материалдар ауқымды жобаның жүзеге асу жолын және оған атсалысқан мамандардың еңбегін таныстырады.
KPI тарихына қатысты жәдігерлердің облыстық музейден орын алуы кәсіпорынның өндірістік мұрасын сақтап, оны көпшілікке таныстыруға мүмкіндік береді. Экспозиция арқылы өңір тұрғындары мен қонақтары кешеннің даму жолымен таныса алады.