«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобы қызметкерлерінің арасында өткен «KMG Skills» кәсіби шеберлік чемпионатында Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) ЖШС-нің екі қызметкері жүлделі орындарға ие болды.
Технологиялық қондырғылардың операторы Данияр Әділбай мен компрессорлық қондырғылардың машинисі Ғибадат Ұзақбаев чемпионатта екінші орын алды.
«KMG Skills» чемпионатына қатысу мен үшін кәсіби білімім мен тәжірибемді сынауға, басқа кәсіпорындардың мамандарымен тәжірибе алмасуға жақсы мүмкіндік болды. Байқау барысында 11 қатысушы ішінен үздік шығып, дағдыларымды шыңдап, жаңа тәжірибе жинақтадым. Екінші орынға ие болғаныма қуаныштымын. Бұл нәтиже күнделікті еңбегімнің және командамыздың қолдауының жемісі. Алдағы уақытта да кәсіби тұрғыда дамып, компанияның дамуына үлес қосуға ниеттімін», — деді KPI технологиялық қондырғыларының операторы Данияр Әділбай.
Компрессорлық қондырғылардың машинисі Ғибадат Ұзақбаев үшін биылғы чемпионат өткен жылғы нәтижесін жақсартуға мүмкіндік берді. Ол былтыр байқауда үшінші орын алған болатын.
«Былтырғы чемпионатқа қатысу маған үлкен тәжірибе берді. Биыл сол тәжірибені ескеріп, өзімді тағы бір сынап көрдім. Нәтижесінде екінші орынға ие болдым. Мұндай байқаулар кәсіби дағдыларды жетілдіруге, басқа мамандармен тәжірибе алмасуға және өз мүмкіндіктеріңді бағалауға мүмкіндік береді», — деді Ғибадат Ұзақбаев.
12–14 қазан аралығында өткен чемпионатқа ҚМГ-ның 18 еншілес және тәуелді ұйымынан 120 қатысушы жиналды.