«Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» (KPI) ЖШС пластмасса және химия өнеркәсібіне арналған Plastex халықаралық көрмесіне қатысты. Компания өкілдері сала мамандарымен кездесіп, Қазақстанда полимерден дайын өнім өндіруді дамыту және отандық кәсіпорындармен серіктестікті нығайту мәселелерін талқылады.
Көрменің іскерлік бағдарламасында KPI компаниясының маркетинг және сату жөніндегі директоры Сергей Минасян сөз сөйледі. Ол салалық пікірталасқа қатысып, қайта өңдеуші кәсіпорындарды қолдауға арналған компанияның арнайы бағдарламаларын таныстырды.
Пікірталас барысында кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, жаңа өндірістерге инвестиция тарту және қазақстандық өнімге сұранысты арттыру мәселелері көтерілді. Сондай-ақ отандық өндірушілерді қаржыландыру, логистикалық қолдау және олардың импорттық өніммен бәсекеге түсу мүмкіндіктері қарастырылды.
Сергей Минасян жеке баяндамасында KPI-дың қайта өңдеушілермен жұмысына тоқталды. Компанияның арнайы бағдарламалары серіктес кәсіпорындардың өндірісін кеңейтуге, жаңа өнім түрлерін шығаруға және ұзақ мерзімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған.
KPI үшін отандық кәсіпорындармен серіктестік полипропилен жеткізумен шектелмейді. Компания Қазақстанда осы шикізаттан дайын өнім шығаратын өндірістердің көбеюіне және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың дамуына мүдделі.