Атырауда «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобы қызметкерлерінің арасында «KMG Skills» кәсіби шеберлік чемпионаты өтіп жатыр. Байқауда Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) ЖШС атынан
технологиялық қондырғылардың операторы Әділбай Данияр, компрессорлық қондырғылардың машинисі Ұзақбаев Ғибадат және технологиялық сорғылардың машинисі Рахимбердиев Раимбек қатысып, өз мамандықтары бойынша кәсіби шеберліктерін танытуда.
12–14 қазан аралығында өтіп жатқан чемпионатқа ҚМГ-ның 18 еншілес және тәуелді ұйымынан 120 қатысушы жиналды. Биыл кәсіби шеберлік байқауы екінші рет ұйымдастырылып отыр.
Қатысушылар үш кезең бойынша сынға түседі. Олар: қауіпсіздік техникасы талаптарының бұзылуын анықтау, алғашқы медициналық көмек көрсету және мамандықтары бойынша практикалық тапсырмаларды орындау. Байқау барысында олардың кәсіби дағдылары мен практикалық біліктілігі бағаланады.
Чемпионат «Ембімұнайгаз» АҚ-ның «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының, «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС-нің және APEC PetroTechnic жоғары колледжінің алаңдарында өтуде. Қатысушылардың кәсіби шеберлігін объективті бағалау үшін 40-тан астам тәуелсіз сарапшы тартылған.
«KMG Skills» чемпионаты жұмысшы мамандықтарының беделін арттыруға, үздік мамандарды анықтауға және ҚМГ компаниялар тобы кәсіпорындары арасында тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді.
KPI командасы өз қызметкерлеріне сәттілік тілеп, чемпионатта жоғары нәтиже көрсетуіне тілектес.