Бисенқұлов Ризуан – бас технолог қызметінің жетекші инженері. Ол жақында Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен өткен «Жұмысшы мамандықтар қаласы» фестивалінде “KPI” компаниясын таныстыру мәртебесіне ие болды. Фестивальге мыңдаған оқушы мен студент қатысып, мұнай-газ-химия саласына қызығушылық танытты. Фестиваль аяқталғаннан кейін «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов іс-шараны ұйымдастыруға белсенді қатысқаны үшін Ризуанға Алғыс хат табыстады.
Ризуан – өз мақсатына берік, мұнай-химия саласында биік белестерді бағындырып келе жатқан жас маман. Ол 2019 жылы Қазақстан-Британ техникалық университетін (ҚБТУ) «Мұнай-газ ісі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқуды аяқтаған соң, алған білімін болашақ мамандармен бөлісуді жөн көріп, “Apec Petrotechnic” колледжіне техникалық пәндер, мұнай-газ ісі және кен орындарын игеру бойынша тағылымгер-оқытушы ретінде жұмысқа орналасады. Дәріс оқып жүріп, теориялық білімді тәжірибемен ұштастырудың маңыздылығын түсініп, өндірістік салаға ауысуды мақсат етеді.
2021 жылы Ризуан өз мансабын жаңа деңгейге көтеріп, Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) 4-цехтың тауарлық операторы қызметіне кіріседі. Бұл бөлім мұнай өнімдерін өндіру және тасымалдаумен айналысады. Өндірістік процестерді тереңірек меңгеру үшін ол екінші жоғары білім алуға шешім қабылдап, «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» (ХТОВ) мамандығы бойынша оқуға түседі. АМӨЗ-дегі тәжірибесі оған жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Аз уақыттан соң жас маман “KPI Inc.” компаниясынан Техникалық сүйемелдеу департаментіне инженер ретінде жұмысқа шақырту алады.
“KPI” компаниясында өндіріс департаментінің ауысым басшысы, өндіріс департаментінің диспетчері, техникалық бөлімнің аға инженері, жетекші инженер қызметтерін атқарды. Еңбек жолындағы жетістіктерімен қатар, Ризуан біліктілігін арттыру мақсатында Ресейдің жетекші компаниясы “СИБУРда” және Колумбияның жетекші мұнай-химия кәсіпорындарында оқудан өтті.
Ризуан секілді еңбекқор жұмысшы мамандарың жетістік жолы – мұнай-газ және мұнай-химия саласында мансап құруды мақсат ететін жас мамандар үшін үлгі. Оның қызметтегі тәжірибесі үздіксіз білім алу, еңбекқорлық және икемділік кәсіби өсуге мүмкіндік беретінін дәлелдейді.
Бүгінде ол бас технолог қызметінің жетекші инженері, бірақ оның талпынысы мен әлеуеті бұдан да биік белестерді бағындыруға жетелейді. Еліміздің мұнай-газ-химия саласының болашағы дәл осындай мамандардың қолында екені анық.