«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары кезінде «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС-де (KPI — ҚазМұнайГаздың еншілес ұйымы) болды. ҚМГ басшысы өндірістік қондырғылар мен нысандарды аралады.
Кәсіпорынға 2025 жылы тұрақты жұмысты қамтамасыз етуге, сенімділікті арттыруға және полипропилен өндірісін ұлғайтуға, сондай-ақ ішкі сұранысты өтеу үшін отандық қайта өңдеушілермен өзара байланысты нығайтуға бағытталған нақты міндеттер қойылды. 2024 жылы KPI зауыты 248,7 мың тонна полипропилен өндірді.
Қазіргі уақытта зауыт полипропиленнің 9 түрлі мақсатты маркасын шығарады, оның 5 түрі бұрын-соңды Қазақстанда өндірілмеген. Биыл қаңтардың аяғына дейін тағы екі жаңа марканы игеру жоспарланып отыр. Бүгінде KPI компаниясының Қазақстан нарығындағы үлесі 50%-дан асты. Елімізде полипропилен импорты 2022 жылғы 63%-дан 2024 жылдың қорытындысы бойынша 17%-ға дейін қысқарды.
Компания Алматы мен Астанада ірі қоймалар ашып, соның арқасында өңдеушілерге тауарды өз уақытында, тұрақты жеткізіп отыр. «Форсаж» бағдарламасы арқылы еліміздің полимерді қайта өңдеушілерге қолдау көрсетіп келеді. Жалпы, 80-нен астам жергілікті қайта өңдеу компаниясының 70-і KPI өндірген гомополимерді тұтынады.
Компания Қазақстан нарығын қамтып, Ресей, Түркия және басқа елдерге өнімін сатып отыр. КРІ кешенінің негізгі қызметкерлер саны — 630 адам. Олардың 80%-дан астамы – Атырау облысының тұрғындары. Қалғандары – Қазақстанның басқа өңірлерінен келген мамандар. KPI Қазақстанның импортқа тәуелділігін азайтуға елеулі үлес қосып, күннен күнге дамып келеді. Компания алдағы уақытта өнім түрін кеңейтіп, клиенттерге қызмет көрсету сапасын жақсарта отырып, нарықтағы орнын бұдан да нығайта түспек.