Шымкенттегі «Bal Carpet» фабрикасы кілем тоқу ісінде Атыраудағы “KPI Inc.” ЖШС шығаратын полипропиленді пайдаланады. Аумағы 6,5 гектарды құрайтын кәсіпорын 2013 жылы ашылған. Кілемдер ішкі нарықта сатылып қана қоймай, Моңғолия, Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан және Қытайға экспортталады.
Бұрын полипропилен жіптер шетелден әкелінсе, 2018 жылы фабриканың өз цехы іске қосылған. Қазір өндіріс процесі толық автоматтандырылған: полипропилен түйіршіктері 235 градус температурада балқытылып, одан жіптер дайындалады. Кейін одан кілем тоқылады. Кәсіпорынның жылдық өндірістік қуаты 6 миллион шаршы метр өнімге жеткен.
– «KPI Inc.» зауыты іске қосылғалы бері тығыз әріптестік орнаттық. Кәсіпорында шығарылатын полипропиленнің сапасы біздің талабымызға сай келеді. Қойманың болғаны да өте ыңғайлы. Өзімізге қажет уақытта шикізатты алдырып, өндірісті тоқтатпай жұмыс істеуімізге мүмкіндік береді. Отандық полимер шикізатының арқасында кілемдердің сату бағасы 20 пайызға дейін түсті, – дейді «Bal Carpet» фабрикасы директорының орынбасары Алмас Әбішев.
Қазір фабрика жыл сайын шамамен 4 мың тонна полипропилен сатып алады. Өндірісте 17 тоқыма станогы, 1500-ден астам бірегей дизайнды өнім түрі бар. Бүгінде фабрика Атыраудағы 30 дистрибьютормен серіктесіп, шамамен 300 мың шаршы метр кілем жеткізеді.
– Кілемдер әр аймақ тұрғындарының талғамына сай тоқылады. Атыраулықтар ұлттық ою-өрнекпен қатар заманауи абстрактілі дизайндарды көбірек таңдайды. Эскизді тапсырыс беруші серіктестер мақұлдайды, содан соң өнім дайындалады, – деді А. Әбішев.
Бүгінде фабрикада 600-ге жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Кәсіпорын алдағы уақытта өндіріс көлемін ұлғайтып, қуаттылықты арттыруды жоспарлап отыр.