Газ-химия саласының көшбасшысы “Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.” компаниясы, “Silleno” ЖШС және “KMG PetroChem” ұжымдары бірлесе отырып, қазақ халқының ұлық мерекесі – жыл басы Әз-Наурызды жоғары деңгейде атап өтті. Ұлттық нақышта ұйымдастырылған мерекелік шара газ-химия ауылында өтіп, оған сала қызметкерлері мен қонақтар қатысты.
Салтанатты жиында сөз сөйлеген Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиев өңірде жүзеге асып жатқан газ-химия жобаларының ел экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Оның айтуынша, Атырау облысында бастау алған ірі жобалар Қазақстанның индустриялық дамуына тың серпін береді.
Мерекелік жиында “Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.”, “Silleno” ЖШС және “KMG PetroChem” компанияларының басшылары ұжым қызметкерлерін Наурыз мейрамымен құттықтап, ізгі тілектерін жеткізді.
Думанды мереке аясында үш компания қазақтың ұлттық салт-дәстүрлерін насихаттап, театрландырылған көріністер ұсынды. “KPI” ұжымы – қыз ұзату, “KMG PetroChem” – келін түсіру, “Silleno” – бесікке салу дәстүрлерін сахналық қойылым арқылы көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.
Шара барысында қонақтарға ақ дастархан жайылып, бауырсақ пен ұлттық тағамдар ұсынылды. Сонымен қатар қызметкерлер арасында ұлттық және спорттық ойындар ұйымдастырылды. Атап айтқанда, арқан тарту, садақ ату, гир көтеру, асық ату, армрестлинг жарыстары өтті.
Жарыс қорытындысы бойынша KPI (Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.) компаниясының қызметкерлері жүлделі орындар алды.
Армрестлинг:
1-орын — Айбар Куспанов
2-орын — Қуанышев Алихан
3-орын — Нұрдәулет Темиров
Гир көтеру:
1-орын — Нұрдәулет Темиров
Садақ ату:
1-орын — Ернар Саматов
2-орын — Жанабай Умбетов
3-орын — Саттархан Ғалымжанов
Асық ату: Сергей Горшков
Көңілді кеш барысында ән айтылып, би биленіп, ұлттық ойындар ойнатылып, газ-химия ауылы Ұлыстың ұлы күнін көтеріңкі көңіл-күймен қарсы алды.