KPI ЖШС-нің әкімшілік ғимаратында Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелерінің қатысуымен өрт-тактикалық оқу-жаттығу өткізілді.
Іс-шара «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма Төрағасының шешімімен бекітілген, 2025–2027 жылдарға арналған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ компаниялар тобы бойынша өндірістік қауіпсіздік, еңбекті қорғау және қоршаған ортаны қорғау жағдайын жақсарту жөніндегі Жол картасының 18.5-тармағын орындау аясында ұйымдастырылды.
Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, электр желісіндегі кернеудің артуы салдарынан екінші қабатта электр сымдарының қысқа тұйықталуы орын алып, соның салдарынан жиһаз бен оргтехника жанған. Өрт дабылы іске қосылғаннан кейін 5 минут ішінде ғимараттан 93 адам қауіпсіз жерге эвакуацияланды.
Адамдар көп жиналатын нысанда шартты өртті сөндіру бойынша өрт сөндіру бөлімшелері өз әрекеттерін тиімді пысықтады. Оқу-жаттығу барысында ТЖД-ның 4 бірлік техникасы және 22 қызметкері жұмылдырылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің өкілі KPI қызметкерлерінің өрт кезінде шұғыл эвакуация бойынша әрекеттеріне оң баға беріп, мұндай жаттығулардың ұжым қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңыздылығын атап өтті.