Қоғамның қалалық кеңсесінде Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасының Салық кодексіне жалпыға бірдей декларациялау мәселелері бойынша енгізілген өзгерістерге арналған семинар-кеңес өтті.
Іс-шара гибридті форматта — офлайн және онлайн режимдерінде өтті. Семинар Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының қаржылық бақылау шараларын жүзеге асыруға қатысты талаптарын орындау аясында ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара Қоғамның Байқаушы кеңесімен бекітілген 2025 жылға арналған Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңын сақтау жөніндегі жоспарға сәйкес жоспарлы түрде өткізілді.
Кездесудің негізгі мақсаты — декларация тапсыру міндеттемесіне қатысты қолданыстағы өзгерістер туралы қатысушыларды хабардар ету, сондай-ақ декларациялау процесінің практикалық аспектілерін түсіндіру болды.
Департамент мамандары заңнамадағы негізгі ережелерді, оның ішінде:
∙ жалпыға бірдей декларациялауды енгізу кезеңдерін және есептілікке жататын тұлғалар санаттарын;
∙ декларациялардың мазмұнына және тапсыру мерзімдеріне қойылатын талаптарды;
∙ декларацияны ұсынбағаны немесе жалған мәліметтер бергені үшін жауапкершілік шараларын;
∙ жалпыға бірдей декларациялаудың ашықтықты қамтамасыз етудегі және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алудағы рөлін егжей-тегжейлі түсіндіріп берді.
Семинарға Қоғамның құрылымдық бөлімшелерінің басшылары мен қызметкерлері, сондай-ақ лауазымды тұлғалар қатысты. Қатысушылар салық органдарының өкілдеріне қызықтырған сұрақтарын қойып, жеке кеңестер алу мүмкіндігіне ие болды.
Осындай іс-шаралар қызметкерлер арасында жоғары құқықтық мәдениетті қалыптастыруға, есептілік қағидаттарын нығайтуға және қаржылық бақылаудың тиімді тетіктерін енгізуге ықпал етеді.