Еліміздегі ең ірі жоба

Атыраудағы газ-химия кешені отандық экономиканың қарқынды дамуына жол ашады

Қазақтың жері табиғи бай­лыққа, соның ішінде мұнай мен газ қорына бай. Бұл мұнай мен газ химия өнеркәсібін өркен­детудің шикізаттық көзі бола алады. Оның үстіне қазақ же­рінен өндіріліп жатқан мұнай да, газ да сапалық құрамы жа­ғынан Ресейдің осындай өнім­дерінен кем түспейді. Маман­дар­дың пікірінше, біздің еліміз­де өндірілетін газ құрамында химия өнеркәсібіне басты ши­кізат бола алатын этан қоспала­рының үлесі шамамен 13-16 пайыз аралығында кездеседі. Қазақстанның кен орындарын­дағы ілеспе газ құрамындағы этан, этилен, полиэтилен өнім­дерін алудың экономикалық, сонымен бірге технологиялық тиім­ділігі жөнінде оқтын-оқтын айтылып қалады. Мәселен, жаңа дәуірдің жетілдірілген озық технологиясымен бір тонна этилен алуға 1,25-1,3 тонна көлемінде этан жұмсалатын мамандар жоққа шығармайды.  Бұ­дан өзге газ құрамындағы қос­палардан 20-ға дейін өнім өн­діруге мүмкіндік бар. Демек, еліміздегі дамуы кенжелеп қал­ған химия өнеркәсібін өркенде­туге шикізаттық негіз бар деуге болады. Алайда, біздің елімізде бұған дейін газ құрамындағы қоспалардан химия өнеркәсібі үшін түрлі өнім шығаратын озық технологиялық кешен болған емес.

Міне, сол себептен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ­стан­ның  шикізаттық елден өң­деуші елге айналуы қажет екенін ұдайы айтып келеді. Биылғы Жолдауында да Атырау облысында ықпалдасқан газ-химия кешенін құрудың маңыз­ды­лығына баса назар аудара келе былай деді: «Құны 6,3 миллиард доллар тұратын Атырау газ-химия кешенінің жобалық қуатына шығуын қамтамасыз ету қажет, ол жыл сайын 500 мың тонна пропилен мен 800 мың тонна полиэтилен шыға­руды қамтамасыз етеді. Мұндай өнімді біз Қазақстанда әлі шығарған емеспіз». Шындығын айту керек, газ-химия кешенінің құрылысын салу  жөніндегі бастама көптен бері айтылып жүруші еді. Бірақ Қазақстанды айтпағанда, ТМД кеңістігіндегі елдердің өзінде теңдесі болмайтын алып нысан құрылысын жүргізу мерзімі бастапқы ай­тыл­ған мерзімінен бірнеше жылға кейінге шегерілді. Мұның себебін Мұнай және газ ми­нистрінің бұрынғы орынбасары Әсет Мағауов инвестиция тартумен байланыстырған болатын. Өйткені, жобаға салынатын ин­вес­тицияның көлемі өте ау­қымды. Және бұл жобаны шетел­дік инвесторлардың қатысуынсыз жүргізудің мүмкін емесі де жоққа шығарылмайды. Неге?

Осы сауал төңірегінде ой өрбіткенде, алдымен тек Атырау облысының ғана емес, Қазақ­станның, тіпті ТМД елдерінің аумағында да дәл мұндай жоба іске асырылмағанын айтуға болады. Мәселеге осы тұрғыдан назар аударар болсақ, Қазақстанның тәжірибесінде газ-химия кешенін тұрғызу алғаш рет қолға алынып отыр. Алайда, әлем елдерінің экономикасына өз зардабын ти­гізген қаржы дағдырысының атал­ған жобаға да салқыны ти­гені жасырын емес. Басқаша айтқанда, қаржы дағдарысы бұл жобаның бірнеше рет кешеуіл­деуіне ықпал етті. Бұл – бір. Екіншіден, Каспий теңізінің қа­зақстандық секторынан мұнай алу мерзімінің былтырға дейін нақтыланбағаны да әсер еткен секілді. Дегенмен, Қазақстандағы мұнай-газ секторын, сонымен бірге химия өнеркәсібін биік белеске көтеретініне үміт артылған жобаға инвестор тарту   тоқтау­сыз жүргізілгені даусыз. Жоба қолға алынғаннан бастап оған инвестиция салуға ынта таныт­қан елдер табылды. Олардың арасында арабтардың да, қытайлар мен корейлердің де ықыласты болғаны өз жемісін берді деуге негіз қалайды. Ал газ-химия кешені жобасының операторы – “Kazakhstan Petrochemical Indus­tries Inc” (KPI) компаниясының негізгі акционері «ҚазМұнайГаз» Барлау.Өндіру» АҚ саналады. Отандық мұнай-газ өнеркәсібінің көшбасындағы бұл  компания жоба операторының 51 пайыздық акциясына иелік етеді.

– Елімізде  көмірсутекті ши­кізаттың мол қоры болғанмен, мұ­най-химия өнеркәсібі кең қа­нат жайған жоқ. Үкімет осы саланы өркендетудің 2008-2013 жыл­дарға арналған бағдарламасын қабылдады. Сонымен қатар,  экономиканы әртараптандыру мақса­тымен    2010-2014 жылдарға ар­налған үдемелі индустриялық-инновациялық даму және бар. Мемлекеттік маңызға ие осы бағдарламалар аясында Атырау облысында полиолефин өндіре­тін бірінші ықпалдасқан газ-химия кешенінің жобасын іске асыру көзделген, – дейді  KPI ком­паниясы басқарма төрағасы­ның міндетін атқарушы Азамат Атантай.

KPI басшысының айтуынша, полиолефин құрамына полиэтилен, полипропилен, полиизобутилен, этиленпропиленді каучук секілді өнімдер жатады. Мұның ішінде химия өнеркәсібі үшін полиэтилен және полипропилен өнімдері кеңінен қолданылады. Сол себептен Атырау облысын­дағы газ-химия кешенінде атал­ған екі өнімді молынан шығару технологиясын орнату ұйғары­лып отыр. Дәл осы екі өнім өнеркәсіптік және халық шаруа­шы­лығы мақсатындағы өнімдер­ді кең ауқымда шығаруға шикізат көзі бола алады деп түсіндіреді мамандар. Міне, осындай себептер бұл жобаға шетел инвес­торларының  қызығушылығын ту­дырған секілді.

Еліміздегі ең ірі әрі тұңғыш газ-химия кешенінің құрылысы 2010 жылдың 30 қыркүйегінен бері жүргізілуде. Атырау облысы аумағынан, дәлірек айтсақ, Аджип ҚКО-ның “Болашақ” зауытына жақын маңнан  463,7 гектар бөлінді. Қазір кешен құрылысы үшін бөлінген жерде инфрақұры­лымдық нысандар құрылысы жүргізілуде. KPI компаниясының техникалық қадағалау және тех­никалық қауіпсіздік департамен­тінің директоры Нұрлыбек Егіз­баевтың айтуынша, 5,3 шақы­рымдық автокөлік жолы, 22 шақырым шамасында темір жол салынып жатыр.  Сонымен бірге, 110 кВт электр энергиясы жүйе­сін, жұмысшылар үшін тұрғын-жай, су және газ желілерін тарту­дың жобалау жұмыстары аяқ­талған. Ең бастысы, енді бір-екі айдан соң кешен құрылысының бастапқы жұмыстары қолға алынады деп күтілуде.

Енді газ-химия кешені жөнін­де тарқатып айтар болсақ, алдымен оның құрылысы екі кезеңмен жүргізілетіні нақтыланған. Полипропилен өнімін шығаруға ар­нал­ған бірінші кезеңнің құрылы­сын қытайлық «Sinopec Engi­neering» компаниясы жүргізуге білек түре ұмтылып отыр. Бұған дейін бұл компания Атырау мұнай өңдеу зауытындағы қайта жаңғырту жобасының бас мердігері ретінде таңдалған еді. Енді қытайлық бұл компания еліміздегі тұңғыш   газ-химия кешенінің негізгі жобасын дайындап жатыр. Қазіргі кезде жоба аяқталуға жақын, кешен жобасы Францияның «Foster Wheeler France» компаниясының қадаға­лауы­мен әзірленуде, дейді KPI басшылары. Өйткені, газ-химия кешенінің негізгі технологиялары бұл саладағы АҚШ елінің ең озық «CB&I Lummus» компаниясынан алынбақ екен. Жобаға салынатын жалпы инвестицияның 2 миллиард АҚШ долларына бағаланған бастапқы кезеңінің құрылысы 2014 жылдың соңғы тоқсанында пайдалануға берілуі тиіс. Сол кезде елімізде жылына 500 мың тонна  полипропилен өнімін шығаруға қол жеткізіледі деп болжанып отыр. Осы өнімді шығару үшін жылына 730 тонна пропан шикізат ретінде пайдала­ныл­мақ. Дәл мұндай шикізаттық пропан «Теңізшевройлдың» иге­руіндегі «Теңіз» кенішінің мұ­найынан алынады. Әрине, газ-химия кешеніне жеткізудің екі ба­лама нұсқасы қарастырылып жатыр. Бірінші нұсқа бойынша  «Теңіз» кенішінен құбыр арқылы жеткізуге болады. Алайда, бұл үшін кеніш пен кешен арасын жал­ғайтын құбыр тартылуы қа­жет. Ал екінші нұсқа – темір жолмен жеткізу. Әзірге мамандар екі нұсқаның тиімді тұстарын зерттеп жатыр.

– Қазіргі уақытта кешеннің технологиялық құжаттар жобасын дайындау аяқталды. Айтқан­дай, оператор компания мен полипропилен өндірісінің технологиялары жөнінде CB&I Lummus (АҚШ) компаниясы арасында лицензиялық келісімге қол қойыл­ды, – дейді оператор ком­па­нияның  департамент директоры Нұрлыбек Егізбаев.

Газ-химия кешенінің бірінші кезеңіндегі құрылыс жұмыста­рын жүргізуге 4000 мыңға жуық жұмысшы тартылады, деп сен­діреді KPI басшылары. Әрине, бас мердігерден қазақстандық үлестің 10 пайыздан кем болмай­тындығы да талап етілмек екен. Бәлкім, қазақстандық үлестің мөлшері бұдан артуы ғажап емес. Осы мақсатта жобаға қазақстан­дық тауар өндірушілер мен қызмет көрсетуші кәсіпорындар да көптеп тартылатыны жоспар­ланған. Тағы бір назар аударар жәйт, KPI басшылары жобаның бірінші кезеңі іске қосылғанда тұрақты жұмыспен қамтылатын отандық мамандар шоғырын қа­лып­тастыруды ойластырып отыр. Бастапқы кезеңде жобаға 1200 адамның жұмысқа қабылдана­тыны ойластырылған. Осыған байланысты химия өнеркәсібі саласына маманданған жас мамандарды шетелге тәжірибе алмасуға жі­бер­мек. Әзірге осы салаға маман дайындайтын жоғары оқу орындарымен тұрақты іскерлік байланыс орнатуды көздеп отыр.

Кешеннің екінші кезеңі туралы айту әлі де ертерек секілді. Дегенмен, екінші кезеңде  атқа­ры­латын құрылыс жобасына Оң­түстік Кореяның LG Chem компаниясы инвестор болатындығы анық. Екінші кезеңде 4,3 миллиард доллар игерілмек. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл кезең 2016 жылы іске қосылғанда жыл сайын шығарылатын өнім көлемі – 800 мың тонна полиэтилен. Бұл өнімді шығарудың бірден-бір шикізаты – этан. Бұл да «Теңіз» кенішінен алынғалы отыр. Жылына шамамен 800 тонна ши­кізаттық этан қажет дейді мамандар. Осыған орай КРІ ком­паниясының департамент директоры Нұрлыбек Егізбаевтың айтуына қарағанда, «Теңіз­шев­ройл» бірлескен кәсіпорны­ның вахталық кенті орналасқан ау­мақ­тан газ айыру қондырғы­сын, оған қоса вахталық  қала­шық тұрғызу көзделіп отыр. Өйткені, бұл қондырғы «Теңіз­шевройл» өндірген коммерция­лық газ құрамынан этан мен пропанды айырып алу үшін қажет. Содан кейін ғана этан газ-химия кеше­ніне дейін  құ­бырмен жеткізіл­мек. Кешеннің дәл осы екінші кезеңі әлемдегі ең күрделі жоба болатынды­ғымен ерекшеленеді. Сол себептен, жоба құрылысына таңдала­тын мердігерге қойыла­тын талап қатая түспек.

Енді бір нәрсе анық. Осы кезге дейін еліміздегі ең ірі инвестициялық жобаның құ­рылысын іске асыруда біраз іркіліс байқалып еді. Бұдан былай жоба құрылысында серпіліс болатындығы байқалады. Ең бас­тысы, бұл жоба тек мұнайлы Атыраудың ғана емес, ел эко­номикасының әр саласын жаңа белеске көтеретін әлеуеттілігі­мен үлкен маңызға ие.

 

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ.

Атырау облысы.

© 2011 Егемен Қазақстан газеті  Статья http://www.egemen.kz/?p=328792

25.10.2012, 14:11